Иммунды плазмақұю коронавируспен ауырған науқастарға оң нәтиже беруде







29.08.2020

Жуалы ауданының тұрғыны Жұмақан Амиршеева COVID-19 вирусын жұқтырып,  компьютерлік томография өкпесінің 85% зақымдалғанын көрсеткен соң, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық құрылымына  ауыр халде жеткізіледі.

Науқастың айтуы бойынша, бір апта бойы дене қызуының жоғарлауы, құрғақ ұстамалы жөтел, ентігу, ауа жетіспеу сезімі, кеуде тұсының ауырсынуы, дәм мен иіс сезбеу, тершеңдік, жалпы әлсіздік мазалаған. Дегенмен, өзінің әлсіздігін ауру деп қабылдамай,  үйде өздігінен ем қабылдап, ауруын асқындырып жіберген. Сондай-ақ,  ұзақ жылдар бойы мазалап келе жатқан жүрек ишемиялық ауруы, қан қысымы, қант диабеті де қосылып, жағдайы біртіндеп нашарлай береді.

Пациенттің ауруханаға түскен кездегі жағдайы тыныс алу жетіспеушілігіне байланысты ауыр болған.  Сондықтан, бірден жасанды тыныс алдыру апаратына қосылып,  интенсивті терапиялық ем тағайындалады, алайда, жасалған ем-шараларға қарамастан,  жағдайы қиындай түседі.Жедел түрде облыстық қан орталығының  мамандарымен бірлесе  консилиум өткізіліп,  COVID-19 ауруынан емделіп шыққан науқастың  иммунды плазмасын құю туралы шешім шығарылады.

Ем-домның бұл түрі ауруы асқынған, қиын  науқастарға қолданылады.Иммундық плазманы құю шаралары тек стационарда ғана жасалады. Себебі,  бұл өзге адамның қаны, оны үнемі бақылап тұру керек. Сонымен қатар,қосымша интенсивті терапия да жүргізіледі, вирусқа қарсы препараттар беріледі.

Жүргізілген гематрансфузиядан кейін науқастың жағдайы жақсарып, бұл   ем оң нәтиже берді.  Сондай-ақ,  ол «Вибролан» аппаратымен  өкпенің емдік  дренажды массажын қабылдады. Кешенді ем-домның нәтижесінде пациент  толық сауығып, үйіне шығарылды. 

«Адамның аурудан жазылуы оның ішкі жан дүниесіне, отбасына, жақындарына оралуға деген ниетіне де байланысты. Бұл пациенттің күш-жігері мықты болғандықтан, ол коронавирусты жеңіп шықты», – дейді емдеуші дәрігері Жазира Избасарова.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.