Медициналық сақтандыру қоры КВИ және пневмонияға шалдыққан жағдайы ауыр науқастарды емдеу тарифін 1,5 млн теңгеге дейін көтерді







27.07.2020

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавирус инфекциясын диагностикалау, емдеу және асқынумен байланысты барлық шығынды өтеу үшін пациенттің жағдайының ауырлығын ескере отырып медициналық ұйымдарға тарифтер әзірледі.

Осылайша, КВИ жеңіл түріне  шалдыққан бір пациенттің емі 292,6 мың теңге, жағдайы орташа пациенттің – 446,1 мың теңге, жағдайы ауыр науқастың емі – 1,5 млн. теңге болады. Қор жағдайы өте ауыр бір науқасқа 1,7 млн теңге төлейді. Жедел жәрдем көрсету тарифінің құрылымында ЖҚҚ шығыстары орта есеппен 40%  өсті.

Пациенттер үшін стационарлық және амбулаториялық деңгейде емдеу мен диагностика КВИ және пневмонияға шалдыққан  пациенттерге тегін көрсетіледі.

Медициналық сақтандыру қоры  жоспарланған қаржы көлемінен мобильдік бригадалардың жұмысына шамамен 7,7 млрд теңге жұмсайды, жыл соңына дейін 1,4 млн үйге көмек көрсетіледі  деген есеппен.  Қазірдің өзінде өңірлерде емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан 3 мыңнан астам осындай бригада құрылған.

«Сонымен қатар, көптеген қазақстандық ауру өршіген тұста коронавирус пен пневмонияны диагностикалауға, емге және дәрі – дәрмекке қалталарынан көп шығын шығарғанын ескеріп, Қор инфекция жұқтырғандарға оңалту қызметін қаржыландыру туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады ӘМСҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов.

"Бүгінде  оңалту қызметіне деген сұраныс өте жоғары. 1406 байланыс орталығына көптеген сұрақ келеді, сондықтан Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Қор ауырып шыққан пациенттерді жүргізу алгоритмін әзірлеуде. Біз емханадан бастап Оңалту орталықтары мен санаториялық-курорттық ұйымдарға дейінгі барлық деңгейлерде көмектің әр түрін қарастырамыз».

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы

 

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.