Сіздің қан плазмаңыз – бұл құтқарылған өмір!







17.06.2020

Жамбыл облыстық қан орталығы  коронавирустық инфекциясынан емделіп шыққан адамдардың қанынан  плазма дайындауды бастады. Осыған орай, бүгін  ауруынан  айыққан 8 адам  қан тапсыруға келді.

Ағзада қалған вирустар әрқашан қауіпті бола бермейді. Қазіргі кезде коронавирус дертінен айыққан науқастар көбейіп келеді. Ал COVID-19 инфекциясын  жұқтырғандарды емдеу үшін құрамында антиденелері бар қан плазмасы қолданылады. Емделіп шыққан адамдардан алынған қанның компоненттерін құю кез-келген инфекциялық ауруларды емдеудің тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл жаңа әдіс емес,  дәрігерлер әлемде әртүрлі инфекциялық аурулардың өршуі кезінде оны құюды сәтті пайдаланған.

Қазіргі таңда бұл  әдісті Германияда, Францияда, АҚШ-та, Ресейде және басқа да елдерде қолданады. Ал Қытай науқастанған адамдардың қан плазмасын пайдаланудың жақсы нәтижелерін көрсетті.

Ауру барысында адам организмінің иммундық күші белсендіріледі және онда ауру қоздырғыштарына қарсы антиденелер өңдіріледі. Сауыққаннан кейін бұл антиденелер қан плазмасында қалады. Сондықтан оны ауыр халдегі науқасты емдеу үшін пайдалануға болады. Бұл ретте, науқастарда өз иммундық жүйесін толық іске қосуға және антиденелердің пайда болуына дейінгі уақытты ұтып алуға мүмкіндік беретін пассивті иммунитет пайда болады, – дейді облыстық қан орталығының бас дәрігері Гулам Умаров.

Донорларды мынадай талаптар бойынша іріктейді: COVID-19 инфекциясына шалдыққаны туралы медициналық қорытындының бар болуы, COVID-19, АИТВ, В және С гепатиттеріне, мерезге талдаудың теріс нәтижелері.

Емделіп шыққандар қатарындағы еріктілер сауыққаннан кейін 14 күн өткен соң қан тапсыруға шақырылатын болады.

Бір донордан плазманың 2-3 емдік дозасын бірден алуға мүмкіндік беретін аппараттық әдіспен алынады. Бұл өте қарапайым және қауіпсіз процесс. Бұдан әрі стандартты ережелерге сәйкес қан компоненттеріне вирус тазарту рәсімі жүргізіледі.


Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.