Салауатты өмір салты, физикалық белсенділік, тұрақты медициналық бақылау – ұзақ өмір сүру мен адам денсаулығының кепілі

30.09.2021

29 қыркүйек Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызмет базасында өткен Дүниежүзілік жүрек күніне арналған брифингте Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрайымы, м.ғ.д., профессор Роза Қуанышбекова, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі адамдардың аурушаңдығының, мүгедектігінің ең көп тараған себебі болып табылады, деді.

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 20 млн-ға жуық адам жүрек-қантамыр ауруларынан көз жұмады екен. Бұл Бейжің, Шанхай, Токио, Дели сияқты ірі мегаполистің халқымен тең.

 Қазақстандағы жүрек-қантармыры ауруларына келер болсақ жағдай мәз емес. Еліміздің әр 33-ші тұрғынында қан айналым ауру белгісі бар. Әр 12-ші адам артериялық гипертониямен ауырады. 19 млн халықтың 1,5 млн-нан астамы артериялық гипертания бойынша диспансерлік есепте тұр. Қазір жүрек ауруының 60 пайыздан астамын артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы құрайды.

«Жүрек-қантамыр ауруларының неліктен белең алып бара жатыр? Біріншіден бұл өмір салтының өзгеруімен байланысты. Қазір біз аз қозғалатын болдық. Қозғалыстың аздығы гипомагниемия – бұлшық еттің бұрынғы күшінен, төзімділігінен айырады. Оған қоса денедегі артық салмақта жүрек ауруларына әкеледі. Қазір әлемде халықтың 30-40 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Бұл да алаңдататын фактор», – дейді Роза Тохтанәліқызы.

Сондай-ақ, қазір тұтынып жатқан қорек заттарының алмасуы да жүрек ауруларына әкеліп жатыр екен. Бұрынғы үй тағамдарының орнына жылдам әзірленетін, дайын өнімдер пайда болды. Бұл құрамында консерванттары жоғары фаст-фуд, балмұздақ сияқты өнімдер. Олар ағзадағы қорек алмасуды бұзып, инфаркт пен инсульттың туындауына әкеледі.

Дүниежүзілік жүрек федерациясының мәліметінше, инфаркт пен инсульттан болатын ерте өлімнің 80% салауатты өмір салтын ұстану, темекі шегуді, дұрыс тамқтану мен физикалық белсенділікті бақылау арқылы алдын алуға болады.

Бұрын жүрек-қантамыр аурулары ересек адамдарға тән болған, қазір онымен жастар да, тіптен балалар да ауырып жатыр.

Роза Тохтанәлиқызының айтуынша, елімізде жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу бойынша скрининктік шаралар өтеді. Одан 40 жастан асқан адамдар өту қажет. Қазақстанда ғана емес, әлемде де жиі кездесетін артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі және қант диабеті сияқты аурулар кірген Ауруларды басқару бағдарламасын жүзеге асыру адамдардың өз денсаулығы өздеріне байланысты екенін түсіне бастағанын көрсетті. Бұл - науқасты денсаулығы туралы ақпараттандыруға, өзін-өзі басқаруды және өзіне-өзі көмектесуді үйретуге бағытталған телемониторингті, бақылауды және көпбейінді топпен жұмысты қоса алғанда, заманауи талаптар ескерілген профилактикалық медициналық тексерудің жаңартылған бағдарламасы.

COVID-19 пандемия кезінде барлық себептерден, ең алдымен жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттан болатын өлім-жітім өскенін атап кету керек. Себептері: инфекцияның өзі тромбозға бейімділікті және жүрек-қан тамырлары ауруларының өршуін тудырады. Постковид жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының пайда болуына себеп болады: артериялық гипертензия, аритмия, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті – себебі гипоксия бұл ауруларды гипокалиемия (калий иондарының концентрациясының төмендігі) және гипомагниемия фонында (қандағы магний концентрациясының төмендеуі) тудырады. Пневмониядан болатын өлім-жітім 12%-ға ғана өсті. Адамдар пневмониядан емес, оның асқынуынан қайтыс болады.

Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша өткен Еуропалық конгресте клиникалық тәжірибеде жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша әдістемелік нұсқаулар (жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың кезеңдік әдісі) жаңартылған болатын. Қазақстан тәуекел деңгейі өте жоғары елдерден жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі жоғары елдер аймағына көшірілді. Бұл халықтың жүрек ауруларын емдеудің интервенциялық әдістерімен көбірек қамтылуына байланысты. Бұл мемлекетіміздің және еліміздің кардиологтарының сіңірген еңбегі. Барлық көрші елдер жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі өте жоғары елдер аймағында қалды.

Мысал келтіретін болсақ, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ интервенциялық кардиологтары, рентгенхирургтары аорта қақпақшасын эндоваскулярлық импланттау бойынша жоғары технологиялық кардиологиялық операцияларды сәтті жасап жатыр.

Жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын катетерлік емдеу саласында инновациялық технологиялар пайдаланылады. Жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге теріасты кардиовертер-дефибриллятор импланттау бойынша да операциялар жасалады. Кеудені кеспей-ақ жүрек қақпақшаларына және коронарлық шунттау бойынша аз  инвазивті операциялар, жүрек ырғағының бұзылысын коронарлық шунттау немесе жүрек ақауларын түзете отырып бір уақытта емдеу үшін ашық жүрекке криоаблация орындалады.

Салауатты өмір салты, физикалық белсенділік, тұрақты медициналық бақылау – ұзақ өмір сүру мен адам денсаулығының кепілі.

 Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Баспасөз қызметі

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.