Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні Нұр-Сұлтан мен Алматы көк түске боялады







04.02.2021

Алматы. 4 ақпан, 2020 жыл. Бүгін, Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының айтулы ғимараттары мен құрылыс нысандары көк түспен жарықтандырылады. Елордада «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО, Алматыда –  «Халық Арена» спорт және мәдениет сарайы, «Алматы Арена» мұз сарайы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Renion Park қонақ үйі мен MEGA Alma-Ata СОО-дағы Happy Eye шолу дөңгелегі көк түсті шамдарын жағады.

Акцияның бастамашылары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ), «Қатерлі ісікпен күресейік» қоғамдық қоры және Takeda биофармацевтикалық компаниясы қоғамның назарын осы жаһандық проблемаға аудару және халықты кеселді ерте анықтауға және емделуге шақыру, бүгінгі өркениеттің ең ауыр дерттерінің бірі ретінде жұртшылықтың қатерлі ісік туралы хабардарлығын арттыру мақсатында іс-шараны жүзеге асырды.

– Бүгінгі онкология алға қарай қадам басты. Қазіргі таңда 10-15 жыл бұрын емдеу мүмкін болмаған кеселдерге ем бар. Онкологиялық ауруларды емдеудегі әлемдегі алдыңғы қатарлы әдістемелер игерілді және олар Қазақстанда белсенді қолданылады. Осының барлығы тегін емделуге мұқтаж әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қолжетімді. Алайда, ұзақ уақыт емделуден арылуға және тіпті өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор – тұрақты онкоскрининг пен аурудың ерте кезеңдерінде азаматтардың жүгінуі, – дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиотерапиялық және таргеттік препараттар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды.

Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режимдерін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, сәулеленудің немесе химиотерапияның оңтайлы курсын тағайындауға, емдеудің тиімділігін бақылауға және негізсіз операцияларды болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. Онкологиялық аурулардың ерте белгілерін анықтайтын және анықталған аурулары бар пациенттерге алғашқы көмек көрсететін емханалардың қызметкерлері үлкен жұмыс атқарады. Онкологиялық аурулармен күресудің Кешенді жоспары аясында қатерлі ісіктің кең таралған түрлерімен ауыратын пациенттерге үйде паллиативтік көмек көрсету бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды.

Сонымен қатар, қазақстандық науқастар пациенттерге арналған мектептер форматында қорқынышты диагноз туралы білген пациенттердегі ақпараттың жетіспеушілігі мәселесін шешуге ғана емес, бұған қоса терапияға төзімділікке байланысты психологиялық және әлеуметтік проблемалар мен мәселелерді шешуге көмектесетін қолдау бағдарламаларына қол жеткізе алады. Қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік жауапты бизнес бұл жұмыста онкологтарға баға жетпес көмек көрсетеді.

– Біздің миссиямыз – қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың өміріне араша түсу және өмір сүру сапасын барынша жақсарту үшін бүкіл қоғамның күш-жігері мен әлеуетін біріктіру, – деп атап өтті «Қатерлі ісікпен күресейік» ҚҚ атқарушы директоры Гүлнар Кунирова. – Біз уақытылы белсенді бірлескен іс-қимылдар қазақстандықтардың ертеңгі ұрпағының денсаулығына осы аурудың қаупін айтарлықтай азайтады деп сенеміз. Өз денсаулығыңа дәрігерлер және мемлекетпен бірге жауапкершілікпен қарау – бұл әрбір адамның орындай алатын міндеті: скринингтерге қатысу, салауатты өмір салтын ұстану және позитивті ойлай білу, өзінің хабардарлығын арттыру арқылы мифтерден арылу – осының барлығы кез-келген қазақстандықтың қолынан келеді.

Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісік ауруының 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Онкологиялық есепте 180 мыңнан астам қазақстандық тұр.

«Қатерлі ісікпен күресейік» ҚҚ

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.