КІА ҒЗИ күндізгі стационарында өкпе патологиясы бар пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсететін Респираторлық орталық жұмыс істейді







11.01.2021

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ 2010 жылы ашылған күндізгі стационарында тәулік бойы ауруханада жатуды талап етпейтін, бірақ күндізгі уақытта емдік-диагностикалық көмек қажет ететін пациенттерге стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Төсек қоры 15 төсекті құрайды.  Күндізгі стационар жағдайында аллергологиялық, кардиологиялық, эндокринологиялық және гастроэнтерологиялық бейіндегі пациенттерді емдеу дәрігердің бақылауымен пациентке адекватты терапияны тағайындауға, оның таңдалған дәрі-дәрмектерге бейімділігін әзірлеу, аллергиялық реакциялардың немесе дәрілік төзбеушіліктің басқа түрлерінің болуын бақылауға мүмкіндік береді.

Күндізгі стационар жанында өкпе патологиясы бар пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсететін Респираторлық орталық  жұмыс істейді.

Күндізгі стационардың меңгерушісі, жоғары санатты кардиолог дәрігер, м.ғ.к. Бағдат Құттыбаеваның айтуынша, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап күндізгі стационарда амбулаторлық жағдайда диагностикалық коронароангиография жасалып келеді. Сонымен қатар ферментті, иммуномодуляциялаушы дәрілерді, биологиялық терапияны қажет ететін фабри, мукополисахаридоз, крон ауруына, спецификалық емес ойықжаралы колитке және т.б. орфандық (сирек кездесетін) ауруларына шалдыққан пациенттер ем қабылдайды.

«Күндізі стационарда емделу тегін жүргізіледі. Емделуге жатқызу тұрғылықты жерінің емханасы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультациялық-диагностикалық орталығының жолдамасымен және пациенттің өз бетінше күндізгі стационарға қаралған жағдайда іске асырылады», – дейді Бағдат Сансызбайқызы.

Бөлімшеде кардиология, аллергология, эндокринология, гастроэнтерология және ревматология секілді бейіндер бойынша ем жүргізіледі. Бөлімше дәрігерлері диагнозды дер кезінде және дұрыс қою үшін ең жаңа, заманауи және сапалы деңгейде зерттеулердің кең спектрін пайдаланады.

Күндізі стационарда стационарды алмастырушы көмек, яғни күні бойы ұзақтығы 4 сағаттан 8 сағатқа дейін медицина мамандарының бақылауымен мамандандырылған медициналық көмек, сонымен қатар емдік-диагностикалық және консультациялық көмек көрсетіледі. Жүректің ишемиялық ауруларының созылмалы түрлері, стенокардия, артериялық гипертония, жүректің жүре пайда болған кемістігі, кардиомиопатия, жүректің созылмалы ревматикалық аурулары, жүрек ырғағының бұзылысы, сонымен қатар миокард инфаргіне шалдыққан және созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді тексеру және емдеу жүргізіледі. Базистік терапия, профилактикалық ем таңдалады, пациенттің күй-жағдайына күні бойы бақылау жүргізіледі, кардиологиялық және терапевтік бейіндер бойынша жоспарлы емдеу шаралары жасалады. Күрделі диагностикалық жағдайлар кезінде консилиум жүргізіледі.

Қажет болса жүрек эхокардиографиясы, жүрекке өңеш арқылы электрлі стимуляция жасау, велоэргометрия, тредмил тест, ішперде қуысы мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі, ЭКГ мен артериялық қан қысымын тәуліктік бақылау және  зертханалық зерттеулер: жалпы зәр анализі, қанның жалпы анализі, қанның биохимиялық талдауы жасалады.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Баспасөз қызметі

Copyright © 2015-2020 All rights reserved.